Фото: © Sputnik / Сергей Ким /
Алматы облысы Полиция департаментінің бұрынғы бастығы Серік Күдебаев ұсталып, Қазақстанға жеткізілді. Бұл ақпаратты ҚХА сессиясының кулуарында бас прокурор Берік Асылов растады.
Оның айтуынша, Күдебаев Түркиядан жеткізілген.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілер мен Telegram-арналарда Серік Күдебаев ұсталып, Қазақстанға қайтарылғаны туралы ақпарат тараған еді.
Еске салсақ, 3 сәуірде Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысына іздеу жарияланды. Оған экс-полицейдің елден қашуы себеп болды. 23 наурызда Күдебаев қазақ-қырғыз шекарасын кесіп өтіп, сол күні Бішкектен Стамбулға ұшып кеткен.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті шетелге қашып кеткен Серік Күдебаев шекарадан ресми жұмыс істеп тұрған өткізу бекеттері арқылы өтпегенін мәлімдеді.
Оған қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезінде қызмет бабын асыра пайдаланды деген айып тағылған.
Прокурор оны 9 жылға бас бостандығынан айыруды сұрағаннан кейін Күдебаев сотқа баруды тоқтатты. Отырыс генералдың келмеуіне байланысты 5 рет кейінге шегерілді.