14 қаз, 2021 сағат 20:28

Куба ЕАЭО елдерінің вакциналау паспортын мойындады


Куба Президенті Мигель Диас-Канель Бермудес Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен келетін туристер үшін қолайлы жағдай жасалатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бірлескен іс-қимылда туризм секторы елеулі перспективаға ие. Бұл ретте Ресеймен арада осы сала бойынша жақында тиісті қадамдар жасалды. ЕАЭО-ға мүше елдерден келетін туристер үшін қолайлы әрі тартымды жағдай жасауға дайынбыз», - деді Куба Президенті Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысында.

Осы орайда ол Кубаның туристік орындары жайында ЕАЭО елдерінде кеңінен мәлімет беру тұрғысында ұсыныс айтты. 

«15 қарашадан бастап кубалықтардың 90 пайыздан астамы вакциналанады. Біздің шекаралар біртіндеп ашыла бастайды, сондай-ақ елге келетін жолаушылар үшін санитарлық-гигиеналық хаттама талаптары жеңілдетіледі, жолаушылардан ПТР-тест сұралмайды. Вакциналау туралы сертификаттар мойындалады. Осы орайда Ресейден, Беларусьтен, Қазақстаннан, Қырғызстаннан және Армениядан меймандарды күтеміз», - деді ол.