Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысында белгілі сарапшы Назым Жанғазинова масс-медиа және коммуникация саласындағы мәселелерге тоқталды.
"Біздер еліміз үшін күрделі кезеңде кездесіп отырмыз. Жылдамдық өмірдің барлық саласында артып барады. Қазір кез келген өзгеріс азаматтардың көңіл-күйіне, қалтасына бірден әсер етеді. Бала кезімізде - биржадағы жаңалықтан соң өмірі бірден өзгеретін адамдар туралы кинодан көретінбіз. Қазір өзіміз сондаймыз. Ақорда, Ұлттық банк, министрлік, ірі компаниялар, танымал адамдар қоғамдағы көңіл күй мен пікірді бір мезетте өзгертетінін күнде көріп жүрміз" - деді Назым Жанғазинова.
Осы орайда, ол масс-медиа және коммуникация саласының өкілі ретінде кейбір трендтер мен жалпы ахуалға тоқталып өтті.
"Біріншіден, өте жақсы тренд - жоғары билік азаматқа көрермен, тыңдарман, оқырман ретінде назар аударып отыр.
Шыны керек, бұрын азамат тек салық төлеуші, жұмысы бар не жұмыссыз бірлік болды. Ал қазір жағдайдың өзгергеніне Президенттің сөздері куә. Түркістанда өткен Құрылтайда сөйлеген сөзінде, Президент масс-медиа саласын дербес тармақ ретінде атап өтті. Медиа қауымдастық сол тармақтағы сөздерге қызу қолдау білдіріп отыр. Себебі, заманауи адамның назарын аудартатын ең ұтымды әдіс - мультимедиа. Бүгінгі толқын көзбен ойланатын ұрпақ екенін есепке алу керек. Сондықтан Президенттің креативті индустрияны ерекше атап, назар аударуы - дер кезіндегі мәлімдеме болып отыр.
Екіншіден, масс-медиадағы жалпы ахуалға тоқталсам.
Мен үшін қуанышты трендтердің бірі - ана тіліміздегі ресурстардың көбеюі. Қазір екі күннің бірінде бұрын көрмеген қазақ тіліндегі ресурстың сілтемесін көріп қаламын. Қазақша сараптама да көбейіп келеді. Youtube-те де ана тіліміздегі контент жиі трендке шығып жүр. Тіліміздің мәртебесі көз алдымызда өсіп жатқаны қуанышты.
Дегенмен, әлемдік медиаға тән теріс көріністердің барын да айту керек. Кликбейт, біржақты ақпарат, тексерілмеген фактілер бізде де баршылық" - деді спикер.
Оның айтуынша, қазір адамды ит қапқаны жаңалық емес, адамның итті қапқаны жаңалық. Мұндай ұстаным оқиғаның басты акцентін бұрмалап жүр.
"Алысқа бармай-ақ, күні кеше болған оқиғаларды саралайық. Абай облысындағы өрт, немесе банкте болған оқиғаларда ресми мәліметтер жеке азаматтардың хабарының астында көміліп қалды. Біз ресми органдардың хабарынан бұрын, азаматтардың жеке көзқарасына негізделген хабарларды, мессенджерлерде қолдан қолға көшкен сөздерді көп оқыдық. Олардың барлығын қисынды, сауатты деуге болмайды. Әсіресе, инфльюенсерлердің жауапкершілік мәселесі айқын көрінді.
Бізді осы жауапкершілік бағытында көп жұмыс күтіп тұр. Жақсы жаңалық - жауапкершілік дегеніміз репрессия, шектеу деген ұғымның ескіру тенденциясы бар. Кешегі Құрылтайда Президент те жұмсақ күшке - soft power-ге тоқталып өтті. Жазалайтын заңдар арқылы емес, білмеген жерін түсіндіру, жеке өнеге арқылы жауапкершілік қалыптастыру - керемет стратегия. Президентіміздің жұмсақ күш туралы сөзі меморгандар мен азаматтардың қарым-қатынасындағы ренессансқа түрткі болады деп сенгім келеді.
Азаматтарымыз тек - оқушы, студент, жауынгер, жұмысшы сияқты әлеуметтік бірлік емес, сонымен бірге - көрермен, тыңдарман, оқырман ретінде қарала бастауы жақсы жаңалық. Креативті индустрияға бетбұрысты қолдай отырып, еліміздің масс-медиасы айтары бар ізгі ниетті жандардың мінберіне айналсын деп тілеймін. Қазақша контент көбейе берсін!" - деп түйіндеді ол өз сөзін.