11 нау, 2024 сағат 17:15

Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алдын ала сот отырысы басталды: журналистерді сот залына кіргізбеді


Әйелін ұрып өлтірді деп айыпталып жатқан экс-министр Қуандық Бишімбаев сотының алдын ала тыңдауы басталды. Алайда журналистерді сот залына кіргізбей жатыр. Бұл туралы "Ұлт ақпарат" хабарлайды.

Журналистерге 6-қабатқа шығып, сол жердегі экраннан көріп отыруға рұқсат берген. БАҚ өкілдері бұл шешіммен келіспей, заңға қайшы деп, сот залына кіргізуді талап етіп жатыр. 

Алдын-ала тыңдауға келген журналистердің қарасы өте көп. Қазіргі уақытта марқұм Салтанат Нүкенова мен Қуандық Бишімбаевтың туған-туыстары мен адвокаттары сот залына кіріп бара жатыр.

"Ұлт ақпарат" Салтанат Нүкенованың туыстарынан сұхбат алмақшы болды, алайда олар отырыстың аяқталғанын күтуді ұсынды. 

Бұрынғы министр Қуандық Бишімбаев әйелін ұрып өлтірді деген күдікке ілініп, 9 қараша күні ұсталғанын еске саламыз. Қайғылы оқиға Bau мейрамханасында болды. 8 қаңтар күні Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты тергеу жұмыстары аяқталғаны хабарланды. 11 қаңтарда елордалық сотта оның қамауға алынуы 9 наурызға дейін ұзартылғаны туралы хабарланды.