14 нау, 2018 сағат 14:33

Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот үкімі шықты

Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот үкімі шықты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Tengrinews.kz агенттігіне сілтеме жасап.

Судья Әділхан Шайхисламов экс-министрді 10 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

Қуандық Бишімбаев ҚР Қылмыстық кодексінің 28-бабының 3-бөлігі ("Қылмыстық құқық бұзушылыққа сыбайлас қатысушылардың түрлерi"), 189-бабының 4-бөлігі 2-тармағы ("Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу") және 366-баптың 4-бөлігі ("Пара алу") бойынша айыпталған болған.

"10 жылға бас бостандығынан және өмір бойына мемлекеттік қызметтерде басшылық лауазымдарда жұмыс істеу құқығынан айырылсын. Жазасын максималды қауіпсіз мекемеде өтесін, сондай-ақ, мүлкі тәркіленсін", - деп оқыды үкімді судья Әділхан Шайхисламов.

Мұнымен қоса, судья Қуандық Бишімбаевты мемлекеттік сыйлық - "Құрмет" орденінен айыру туралы шешім шығарды.

Сонымен қатар, сот Қуандық Бишімбаевтың бауыры Сұлтан Нұрлыбекті де пара алғаны үшін айыпты деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айырды және мүлкін тәркілеу туралы үкім шығарды.


Осыған дейін өткен сот отырыстарының бірінде экс-министр 2 миллион доллар пара алды деген айыптауға жауап берген болатын. "Пара алу бойынша айыптаудың маған қарсы екенін айтқым келеді. Бұл айыптау Исабектің, Айталиевтің, Бекжановтың куәлігіне негізделген. Тергеу кезеңі бойында менен де, жұбайымнан да, тіпті басқа біреуден де бұл пара табылмады. Айыптаушы 2015 жылдың 22 сәуірінде мейрамханада Тоқтаровпен, Айталиевпен және Исабековпен кездесуімде пара алуға келісім жасалды деп есептейді. Бұл шындыққа жанаспайды", - деген еді Қуандық Бишімбаев.

Кейінірек наурыз айының басында өткен отырыста осы істегі фигурант Бауыржан Айтымбетов мәлімдеме жасаған болатын. "Адам әр істе соңына дейін шындықты айтуы керек. "Мен мәжбүр болдым" деудің орнына шындықты айту керек. Бұл барлығына қатысты. Алынған параның барлығы қайта қалпына келтірілді. Мен алған параның барлығы толықтай тәркіленді. Иә, мен пара алдым, пара бердім, мен - жемқормын. Міне, осы шындық", - деп мәлімдеген еді Бауыржан Айтымбетов.


Содан кейін сот отырысы барысында Қуандық Бишімбаевтің анасы да мәлімдеме жасаған еді.

"Судья мырза, ана ретінде ғана емес, Қазақстан азаматы ретінде де айтқым келетіні, барынша обьектив болуды сұраймын. Бұлай сіз жалғыз ұлымның ғана емес, бүкіл отбасының, ең бастысы кәмелетке толмаған төрт баланың тағдырын шешесіз. Қуандық Бишімбаевтың анасы ретінде ұлымның бұл қылмысты жасамағанын мәлімдеймін. Сотты менің ұлымды ақтауын өтінемін", - деген еді Альмира Нұрлыбекова. 

Мұнымен қоса, экс-министрдің әйелі де сотта сөз сөйлеген болатын.

Еске сала кетейік, 2016 жылдың 30 желтоқсанында ұлттық экономика экс-министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты тергеу шаралары жүріп жатқаны белгілі болған еді. ҚР СІМ басшылық құрамымен кездесуінде Нұрсұлтан Назарбаев Қуандық Бишімбаевтың қызметтен босатылғанын мәлімдеген болатын.

"Бишімбаев топ болып, алдын ала келісім жасау арқылы аса ірі көлемде бірнеше рет пара алып отырған. Заңсыз алған қаражатты Бишімбаев өз қажетіне жаратқан", - деп хабарлаған еді Антикоррупция қызметінің өкілдері.

Айта кетейік, экс-министр 37 жаста. Ол 2017 жылдың қаңтарынан бері қамауда болған еді.