29 мам, 2023 сағат 18:08

Куәгерлердің жауабын дәлел ретінде пайдалануға тыйым салынбақ

Фото: © Sputnik / Томас Тхайцук

Қазақстанда қорғалуға құқығы бар куәгердің жауабын дәлел ретінде пайдалануға тыйым салу ұсынылды. Тиісті өзгеріс кейбір заңнамалық актілерге Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасында қарастырылған, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Әділет вице-министрі Алма Мұқанованың айтуынша, қазір көбінесе қорғалуға құқығы бар куәгерлер кейіннен іс бойынша күдікті деп танылып жатады.

"Мұндай жағдайда бұрын "қорғалуға құқығы бар куәгер" мәртебесінде болған адамның құқықтары бұзылады. Өйткені күдіктіден айырмашылығы, оның жауаптары қылмыстық процесте дәлел ретінде пайдаланылуы мүмкін екендігі түсіндірілмейді. Осыған байланысты бұрын "қорғалуға құқығы бар куә" ретінде болған адамның айғақтарын дәлел ретінде пайдалануға тыйым салуды енгізу ұсынылып отыр", - деді Мұқанова орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ қорғалуға құқығы бар куәгерге сараптама тағайындалған және жүргізілген жағдайда сарапшыға қосымша сұрақтар қою құқығын беру көзделуде.

"Қорғалуға құқығы бар куәгердің іс жүзінде кейіннен күдікті деп танылатынын ескере отырып, оған сот сараптамасын жүргізу бөлігінде де осындай құқықтар беру қажет", - деп санайды вице-министр.

Бұдан бөлек адамды жеткізу уақыты мен негіздерін міндетті түрде көрсетуді белгілеу ұсынылды.

Мұқанованың айтуынша, жеткізу – адамның қылмыстық құқықбұзушылыққа қатыстылығын анықтау мақсатында 3 сағаттан аспайтын мерзімге қолданылатын процестік мәжбүрлеу шарасы.

"Жеткізу мерзімі аяқталғаннан кейін адамға, оны кейіннен процестік ұстау жағдайларын қоспағанда, жеткізу туралы анықтама дереу беріледі. Алайда мұндай анықтама іс жүзінде азаматтарды негізсіз мәжбүрлеу шараларынан қорғамайды. Осыған байланысты анықтамада жеткізудің негізі мен уақытын міндетті түрде көрсету ұсынылады. Бұл адамның бостандығын заңсыз шектеу фактілерін болдырмауға мүмкіндік береді және оның құқықтарын іс жүргізу арқылы қорғауға кепілдік береді", - деп түйіндеді сөзін Мұқанова.