Антикор "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдауға кіріседі, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомство баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі "Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау басталғанын хабарлады.
"Талдау барысында темір жол саласында сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың жасалу себептері мен жағдайлары зерделенеді, бұл ұлттық оператор қызметінің тиімділігіне, бұрын мемлекеттік бюджеттен және Ұлттық қордан алынған қаражаттың жұмсалуына әсер етеді", - делінген хабарламада.
Антикор мәліметінше, талдауды агенттіктің, Ұлттық компанияның, мүдделі мемлекеттік органдардың мамандары және азаматтық қоғам өкілдері жүргізеді.
"Сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туралы ақпарат және талданып отырған саланы жетілдіру бойынша ұсыныстар болған жағдайда, abdrakhmanov.n@antikor.gov.kz электрон поштаға жіберуді сұраймыз.
Егер сізге сыбайлас жемқорлық дерегі немесе дайындалып жатқан қылмыстар туралы белгілі болса, 1424 сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің Call-орталығына 24/7 режимінде хабарлай аласыз", - делінген хабарламада.