24 қаз, 2018 сағат 11:11

Кселл компаниясына айыппұл салынатын болды

Монополияға қарсы орган ұялы байланыс операторы «Кселл» АҚ үстем жағдайды теріс пайдалануына байланысты тергеуді аяқтады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР Ұлттық экономика министрлігіне сілтеме жасап.

«Тұтынушы шағымына «Кселл» АҚ-ның «Алға-1» тарифтік жоспар бойынша интернетке қол жеткізу лимитінен асып түскеннен кейін 30 мыңнан астам теңгені есептен шығару және интернетке қол жеткізу үшін 1 Мб үшін 20 теңге тариф бойынша төлемақы ала бастау туралы тұтынушыға хабарламау әрекеттері себеп болған», - делінген министрліктің Фейсбуктегі парақшасында.

Тергеп-тексеру қорытындысы бойынша «Кселл» АҚ-ның әрекеттерінде үстем жағдайды өз пайдасына жарату фактілері тіркелген. Нақтырақ айтқанда, оператор тарифтік жоспарларды мерзімінен бұрын қайта қосуда, абонентте көрсетілетін қызметтердің бонустық топтамасы аяқталған кезде абоненттің мүмкіндігін шектей отырып, неғұрлым жоғары тарифтеуге өту туралы ақпаратты абонентке хабарламаған. Сондай-ақ, тарифтік жоспарлардың елеулі шарттары туралы абоненттерді тиісінше хабардар етпеу секілді олқылықтарға жол берген.

Тергеп-тексеру қорытындысы бойынша «Кселл» АҚ-ға қатысты әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа қарау үшін жіберілді.

«Үстем жағдайды теріс пайдаланғаны үшін тергеп-тексеру объектісіне монополистiк қызметтi жүзеге асыру нәтижесiнде алынған кірістің 5 пайызы мөлшерiнде айыппұл салынады. Бұдан басқа, «Кселл» АҚ-ға Кәсіпкерлік кодекстің нормаларын бұзушылықтарды тоқтату және тұтынушыларға қаражатты қайтаруды қоса алғанда, олардың салдарларын жою туралы нұсқама шығарылды», - делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, Алматы қаласы әкімшілік соты 2015 жылы да «Кселл» АҚ-ға сомасы 252 660 251 теңге айыппұл салған болатын.