Фото: ашық дереккөз
Астанада экс-шенеунік Ержан Бабақұмаровтың өліміне екі рет сотталған ер адам күдікті ретінде ұсталды, деп хабарлайды Ult.kz.
Kozachkov offside Telegram арнасының хабарлауынша, Астанада қаза тапқан бұрынғы мемлекеттік қызметкер Ержан Бабақұмаровтың өліміне байланысты екі рет сотталған 36 жастағы Ербол Қаукетай есімді азамат күдікке ілінді.
29 қазан күні сағат 23:00 шамасында елордадағы «Миллениум» тұрғын үй кешеніне жедел жәрдем шақырылған. Хабарласқан ер адам танысының жағдайы нашарлағанын айтқан. Оқиға орнына келген дәрігерлер ер адамның көз жұмғанын анықтаған. Кейін марқұмның кім екені белгілі болып, оның бұрын Алматы қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Ержан Бабақұмаров екені расталды.
Тергеу мәліметінше, күдікті Ербол Қаукетай бұған дейін де зорлық-зомбылық әрекеттері үшін екі рет сотталған. 2010 жылы ол қасақана ауыр жарақат келтіргені үшін жауапқа тартылған. Ал 2025 жылы орташа ауырлықтағы дене жарақатын салғаны үшін 300 сағат қоғамдық жұмысқа міндеттелген.
Бабақұмаровпен ол 25 қазанда танысқан. Қаукетай интернет арқылы кроссовка сатқан, ал сатып алушы өзін «Алихан» деп таныстырып, ақшаның бір бөлігін ғана төлеген. Кейін екеуі қайта кездесіп, бірге ішімдік ішкен.
Полиция дерегінше, сол түні пәтерде екеуінің арасында төбелес болып, Қаукетай Бабақұмаровты бірнеше рет ұрған. Марқұм жерге құлап, жүрегін ұстап қалған. Күдікті дереу анасымен байланысып, жедел жәрдем шақырған. Алайда дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Қазір Ербол Қаукетай қамауға алынды. Тексеру барысында оның іс-әрекеті қасақана ауыр дене жарақатын келтіру немесе абайсызда адам өліміне себеп болу бабымен саралануы мүмкін.
Еске сала кетейік, Ержан Бабақұмаров 2022 жылғы қаңтар оқиғалары кезінде Алматы қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Кейін ол мемлекеттік қызметтен кеткен. 2025 жылдың басында Бабақұмаров мас күйінде көлік жүргізгені үшін 15 тәулікке қамалып, жүргізуші куәлігінен жеті жылға айырылған болатын.
