Елордада бір топ көпбалалы ана кредиттің 300 теңгесін кешіру мәселесі бойынша арызданды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы мәселеге қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Вице-министр Светлана Жақыпованың айтуынша, шағымданып жатқан азаматтардың ішінде тізімге енгендері бар. Бірақ кредиттері өтелмей жатыр.
"Біріншіден, кредит коллекторлық компанияға өтіп кетсе, ол кісілердің борышы өтелмейді. Сосын бізге келіп жатқан аналардың ішінде кредитті 1 маусымнан кейін алғандар да бар. Ал жарлық шыққаннан кейін алынған кредиттер өтеуге жатпайды", - деді Жақыпова астанада өткен баспасөз мәслихатында.
Оның сөзіне қарағанда, тізімде тұрған адамның кредиті өтелмей жатса, басқа да себептер бар. Атап айтқанда, тиісті құжаттар ақпараттық базада тіркелмей тұруы мүмкін. Ал кредиті өтелетін азаматтардың тізімі сол ақпараттық базаларда көрсетілген мәліметтің негізінде жасалады.
"Бірінші себеп, неке қию туралы куәліктер базада тіркелмеген болып шығады. Сол себепті біз ондай азаматтарды әділет министрлігінің ақпараттық жүйесіне тіркеуге жібереміз. Олар АХАЖ бөлімдері арқылы өз мәліметтерін тіркейді. Екінші себеп, асыраушысынан айырылған азаматтардың мәліметтері болмай шығады. Оларды да әділет министрлігіне жіберіп отырамыз", - деп атап өтті Жақыпова.
Бұдан бөлек, көпбалалы отбасының балалары жоғары оқу орнында білім алып жатқаны туралы мәліметтің болмауы да кредиттің өтелмей жатқанына себеп болады. Білім және ғылым министрлігінің ақпараттық базасында асыраушысынан айырылған балалар туралы мәлімет те аз. Ондайда осы министрлікке барып, тиісті жеке мәліметті базаға енгізу керек. Сосын баланың туу туралы мәліметтері де ақпараттық базада жиі тіркелмей қалады. Ал ақпараттық базада оның мәліметі шықпаса, көпбалалы отбасының құрамына кіреді деп көрсетілмейді. Ондай отбасының кредиті де өтелмейді.
Айта кетейік, президенттің жарлығына сәйкес, кредиттің 300 мың теңгесі мен оған жазылған өсімпұлдарды кешірудің нақты талаптары бар. Қарыздың жалпы сомасы 3 миллионнан аспауы керек. Ал қарызы кешірілетін азаматтардың қатарына көпбалалы отбасылар, мүгедек баласы бар отбасылар, асырушысынан айырылғандар және атаулы әлеуметтік көмекті алатындар кіреді.
Бүгінде кредиті кешірілетін адамдардың тізімі электронды үкімет порталында бар. Сол жерде электронды-цифрлық қолтаңба арқылы кез келген адам тізімде бар-жоғын тексере алады. Сондай-ақ "111" байланыс орталығына хабарласып, қажетті ақыл-кеңесті алуға мүмкіндік бар.