14 мам, 2021 сағат 13:02

Креативті экономика тұжырымдамасын әзірлеуге белсенді атсалысамыз - Райымқұлова


Мәдениет және спорт министрлігі саланы дамытуға бағытталған «Ел рухы» атты ұлттық жоба әзірлеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова ел алдындағы есебінде айтты.

Министр соңғы кезде креативті контент арқылы қазақ мәдениетін белсенді танытып жүрген қазақстандықтардың көбейгенін атап өтті. 

«Ұлттың, ішкі сондай-ақ, сыртқы экономикалық және әлеуметтік күйзелістеріне идеологиялық иммунитет қалыптастыруда мәдениет миссиясы ерекше мәнге ие болуға тиіс. Осыған байланысты үздік халықаралық тәірибеге сүйене отырып министрлік жергілікті атқарушы органдармен бірге «Ел рухы» ұлттық жобасын әзірлеп бекітеді», - деген ведомство басшысы БҰҰ-ның Бас ассамблеясы 2021 жылды Халықаралық тұрақты дамудың креативті экономика жылы деп жариялағанын еске салды.

«Қазақстанда сапалы креативті өнім жасап жатқан азаматтар саны артып келеді. Қазақстандықтар музыка, кинорежиссура және медиа контент жасау сияқты салаларда ерекше табыс көрсетуде. Жалпы алғанда керативті индустрия ел экономикасын дамыту үшін ғана емес, қазақстандық мәдениетті халықаралық ілгерілетуде, жастардың өзін-өзі таныту бағытында да жоғары әлеуетке ие. Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Қазақстан Республикасында креативті экономиканы дамыту» тұжырымдамасын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілуде. Креативті индустрияның негізгі бағыттары мәдениет және өнер саласын қамтитынын ескере отырыпы, министрлік тұжырымдық тәсілдерді әзірлеуге белсенді атсалысады», - дейді Мәдениет және спорт министрі.