08 сәу, 2022 сағат 22:26

Краматорск вокзалына зымыранмен соққы жасалды, ондаған адам қаза болды


Украинаның Донецк облысы Краматорск қаласындағы вокзалға жұма күні зымыранмен соққы жасалды.

Шабуылдан кемі 50 адам мерт болды, оның ішінде бес бала бар. Бұл туралы облыс губернаторы Павел Кириленко хабарлады, деп жазады Азаттық.

Оның сөзінше, марқұмдардың саны өзгеруі мүмкін. 98 адам жарақат алған. Олардың арасында 16 бала бар

Губернатор 38 адамның оқиға орнында мерт болғанын, 12 адамның ауруханада көз жұмғанын мәлімдеді.

Краматорск қаласы қазір Украина бақылауында. Кириленконың айтуынша, зымыран шабуылы жасалған кезде вокзалда мыңдаған адам эвакуациялауды күтіп отырған.

Кириленко бастапқыда шабуыл Ресейдің "Искандер" ракетасынан жасалды деп мәлімдеген. Алайда зымыран бөлшектеріне қарағанда, соққы "Точке-У" зымыранымен жасалған.

Украина президенті Владимир Зеленский "Точке-У" жөнінде ақпаратты растап, Ресей әскерін айыптады. 

Ал өзін республика деп жариялаған "Донецк халық республикасының" аумақтық қорғаныс штабы шабуылды Украина әскері жасады деп мәлімдеді. Ресей қорғаныс министрлігі Украинаны арандатып отыр деп кінәлап, "8 сәуірде Краматорск қаласына Ресей қарулы күштері соққы жасауды жоспарламағанын айтты". Олар "Точка-У" зымыранын тек Украина әскері қолданады деді. 

Алайда Conflict Intelligence Team сарапшылар тобы бұған дейін Ресей жағы "Точка-У" өзінде жоқ деп мәлімдесе де, оны осы соғыста қолданғанын анықтаған.

Кейінгі уақытта Ресей Киев және Чернигов облысынан шегініп, Донбасс және Луганск облыстарына қарай жылжыған. Украина тарабы Ресей Донбасқа шабуылды күшейтпек деп халықты аймақтан кетуге шақырған еді. Осыдан соң бейбіт тұрғындар Донбастан басқа жаққа кете бастаған. Краматорск вокзалы – бейбіт тұрғындарды эвауациялауға арналған негізгі орындардың бірі.