Фото: ҰҚК баспасөз қызметі
Ұлттық қауіпсіздік комитеті еліміздің әртүрлі өңірінде ірі көлемде көкнәр шикізатын сату қылмысына қатысы бар есірткімен айналысатын топтың заңға қайшы іс-әрекетінің жолын кесуге бағытталған арнайы операция жүргізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жедел зерделеу жұмысының нәтижесінде Петропавл қаласында есірткі қылмысына қатысты топтың көмекшілері ұсталып, 5,5 тоннаға жуық аталған апиын түрі алынған.
"Осы операцияның екінші кезеңі барысында Өскемен қаласында 1 тонна көкнәр шикізатын алу үстінде есірткі курьері ұсталды. Дәл осы уақытта, Қарағанды қаласында жалға алған қоймаларда 10 тоннадан аса есірткі шикізатын сақтап келген есірткі қылмысына қатысты топтың ұйымдастырушылары ұсталды.
Бұған қоса тінту шаралары барысында есірткі қылмысына қатысты топ қатысушыларынан жарақаттаушы және суық қару, сонымен қатар ірі көлемде ақшалай заттар табылды" - делінген хабарламада.
Алдын ала тергеу анықтағандай, аталған апиын шетелден Қазақстан аумағына тамақ өнімдері түрінде кіргізіліп, есірткіге тәуелді ортада саудаланған.
Жалпы қолға түскен есірткі көлемі 16 тоннадан асқан. Одан әрі жедел-тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.