31 қаң, 2019 сағат 15:33

ҚР ҰҚК есірткі саудасымен айналысатын топты құрықтады

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті көпкезеңді арнайы операция өткізді. Оның барысында есірткі саудасымен айналысатын топтың қылмыстық әрекетінің жолы кесіліп, 97 кг марихуана тәркіленді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Аталған факті бойынша ҚР ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаментінде ҚР ҚК-нің 297-бабы 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ұсталған тұлғалар қазіргі таңда тергеу изоляторына қамалды. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде», - делінген ҰҚК ақпаратында.

Ведомстводан мәлім еткендей, 2018 жылы ҰҚК Алматы қаласы аумағында  есірткінің  заңсыз айналымына қатысты 14 фактіні, халықаралық деңгейдегі заңсыз айналым бойынша 5 фактіні анықтады.


«Нәтижесінде, 36 қылмыстық іс қозғалды. Заңсыз айналымнан 84 кг есірткі және жүйкеге әсер ететін заттар, оның ішінде 74 кг героин және 8 кг синтетикалық есірткі заттары тәркіленді. Есірткіні контрабандалық жолмен заңсыз тасымалдау, сондай-ақ ұлтаралық қылмыстық топтарға қатысу фактілері бойынша 12 адам ұсталды. Оның ішінде екі шетелдік азамат қылмыстық жауапкершілікке тартылды», - деді баспасөз қызметінен.

Атап өтілгендей, есірткі заттары Қазақстан аумағына контрабандалық жолмен Еуроодақ, Ресей, АҚШ, Мексика және Қытай елдерінен халықаралық пошта жөнелтілімдері және логистикалық компаниялар арқылы келеді.

«Өткен жылы шетелдік серіктестіктермен бірге 3 халықаралық операция өткізілді. Заңсыз айналымнан 1056 МДМА таблеткасы және 0,2 кг синтетикалық есірткі заты тәркіленді. Жүйкеге әсер ететін есірткі затын жасырын зертханаларда дайындайтын және оларды интернет-ресурстар арқылы таратумен айналысатын қылмыстық топтың іс-әрекетіне тосқауыл қойылды. Заңсыз айналымнан 5 гк астам синтетикалық есірткі заты және 500 кг химиялық қоспа тәркіленді», - деді ҚР ҰҚК-дан.