ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков арнайы қызметтегілердің Санкт-Петербургтегі терактіге ДАИШ (Қазақстанда тыйым салынған) өкілдерінің қатысы болуы мүмкін деген нұсқаны тексеріп жатқанын айтты, - деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz.
Нұрғали Білісбеков әзірше ДАИШ-тың терактіге қатысы бар екені жайлы мәліметтің жоқ екенін, бірақ бұл нұсқаны да қарастыру керектігін айтты.
"ДАИШ - террорлық ұйым. Олардың мақсаты - кез келген зорлық-зомбылық мазмұны бар оқиғаларды өз мойнына алып, ал расында өздерінің беделін арттыру. Бірақ мұндай мәлімет әрдайым шындыққа жанаспайды. Бірақ бұл жағдайда мен бұл мәселені жоққа шығармаймын. Себебі тергеу нұсқасы ДАИШ-тың осы терактіге қатысы болуы мүмкін екенін көрсетеді", - деп түсіндірді ҰҚК төрағасы.
Оның айтуынша, ДАИШ ұйымында бірнеше үлкен әрі шағын ұйым бар. "Сондықтан да әрбір мәлімет мұқият қаралатын болады. Әзірше бірде-бір ұйым терактіні өз мойнына алмады", - деді Нұрғали Білісбеков.
Осыған дейін Қазақстанның Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков қазақстандық студенттің Санкт-Петербургте теракт ұйымдастырған лаңкес ретінде қарастырылмайтынын айтқан болатын. Сондай-ақ, Білісбеков РФ Бас прокуратурасы Мәскеу уақытымен 16:30-да метродағы жарылысты террорлық акт деп ресми түрде жариялағанын айтты.
Айта кетейік, бүгін ҚР СІМ Санкт-Петербургте жарылысты қазақстандық ұйымдастыруы мүмкін деген жағдайға қатысты түсінік берген болатын. "Түсіндіріп өткім келеді. 3 сәуірде жергілікті уақыт бойынша сағат 21.06-да Санкт-Петербургтегі Қазақстанның Бас консулына Алматыдан Ирина Арышевадан қоңырау келіп түсті. Ол онда жарылыс туралы мәліметтерден кейін оның 20 жастағы ұлы, Санкт-Петербургтегі Экономикалық университеттің 3-курс студенті Максим Арышевтың байланысқа шықпай жатқанын айтты", - деген еді СІМ баспасөз қызметінің басшысы Әнуар Жайнақов.
Алдын ала мәліметтер бойынша, Санкт-Петербургте метрода болған жарылыстан кем дегенде 10 адам қаза тапты, зардап шеккендер саны 43-ке жетті.
Жарылыс метроның екі бекетінде болған - "Сенная площадь" және "Технологический институт". Екі жарылыстан зардап шеккендер арасында балалардың бары да анықталған. Құтқарушылар жолаушыларды эвакуациялап жатыр. Сонымен қатар қазіргі уақытта метро бекеттеріне кіру және шығу жолдары жабылған.
"Зардап шеккендер мен қаза тапқандардың жақындары мен туыстарына көңіл айтамын. Мен арнайы қызмет өкілдерінің басшыларымен сөйлестім. Федералды қауіпсіздік қызметінің директорымен сөйлестім. Құқық қорғау органдары мен арнайы қызмет өкілдері оқиғаның егжей-тегжейлі зерттеп, дәл бағасын береді. Қала билігі, егер қажет болып жатса федералдық билік қаза болғандар мен зардап шеккендердің отбасына қажетті көмек көрсетеді", - деген еді Путин Беларусь президенті Александр Лукашенкомен кездесу барысында.