13 қар, 2021 сағат 16:47

ҚР Үкіметі мен Дүниежүзілік Банк көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу мақсатындағы инвестициялық саясат мәселесін талқылады


ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Дүниежүзілік Банктің Еуропа және Орталық Азия аймағы бойынша вице-президенті Анна Бьердемен кездесу өткізді, деп хабарлайды primeminister.kz.

Асқар Мамин мен Анна Бьерде Дүниежүзілік Банк пен ҚР Үкіметінің көміртекті бейтараптық мақсаттарына қол жеткізу үшін экономиканың базалық салаларын жаңғыртуға инвестициялар тарту мәселелері бойынша пікірсайыс сессиясына қатысты. 

«Қазақстанның Дүниежүзілік банкпен ынтымақтастығының үш онжылдығы ішінде қаржы, инфрақұрылым, ТКШ, энергетика, шағын және орта бизнес, АӨК және IT-сектор сияқты салаларда жалпы сомасы $8 млрд астам болатын 55-тен аса жоба іске асырылды. Дүниежүзілік Банктің Қазақстандағы ағымдағы инвестициялық портфелінен қазіргі кезде жалпы сомасы $3,6 млрд құрайтын 13 жоба іске асырылуда», — деді А. Мамин. 

Үкімет басшысы Қазақстанда «жасыл» экономика моделін енгізу және тұрақты өсуді қамтамасыз ету бойынша Дүниежүзілік Банкпен ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.

Дүниежүзілік Банк тобы дамушы елдердегі климаттың өзгеруіне қарсы күрес жөніндегі шараларды қаржыландыратын әлемдегі ең ірі көпжақты ұйым. Кездесуге қатысушылар «жасыл» инвестицияларды тартуға және энергетика, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі, АКТ, инжинирингтік қызметтер, көлік және т.б. салаларда өсудің жаңа көздерін қалыптастыруға ықпал ететін модельдер мен факторларды қарастырды. 

Шығарындылар деңгейі төмен инфрақұрылым мен технологияларды дамытудағы мемлекеттік және жекеменшік секторлардың халықаралық тәжірибесі талқыланды. 

Пікірталас сессиясына ҚР Үкіметінің мүшелері, сондай-ақ жасыл өсімді ынталандыру саласындағы жетекші сарапшылар – ДБ инфрақұрылым жөніндегі өңірлік директоры Чарльз Кормье, ЭЫДҰ Еуразия бөлімінің басшысы Уильям Томпсон, Рим университетінің профессоры Паскуале Лучио Скандиццо, Грекия Қоршаған орта және энергетика министрлігі жанындағы «Әділ ауысуды дамыту жоспары» құқықтық мәселелері жөніндегі Сарапшылар комитетінің президенті Греции Иоаннис Цорцис, Жаңа Зеландиядағы Еңбек өнімділігі мәселелері жөніндегі комиссияның басшысы Эндрю Свит, Финляндия қаржы министрінің аға кеңесшісі, Климаттың өзгеруіне қарсы күрес жөніндегі қаржы министрлері коалициясының тең төрағасы Пекка Морен, іскер топтар өкілдері және т. б. қатысты.