16 қар, 2021 сағат 18:32

ҚР Президенті: Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі толыққанды институтқа айналды


Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі толыққанды институтқа айналды. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 6-отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі аз уақыттың ішінде толыққанды институтқа айналды. Бұл құрылым елімізді жаңғырту үдерісіне тың серпін беруде. Біз мәселелерді кешенді түрде қарау үшін қоғам өкілдерін, сарапшылар мен үкіметтік емес ұйымдарды жұмылдырып келеміз. Соның нәтижесінде жан-жақты талқыланған маңызды шешімдер қабылдануда. Ұлттық кеңес нақты реформа ұсынумен шектеліп отырған жоқ. Ең алдымен, оны жүзеге асыруға барынша атсалысуда. Бұл - көп еңбекті талап ететін ауқымды жұмыс. Тұжырымдар мұқият талқыланып, заң жобалары сараптамадан өтеді. Сондай-ақ қолданысқа енгізілген нормалардың тиімділігіне талдау жасалады», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Мемлекет басшысы Ұлттық кеңес мүшелерінің қатысумен еліміздегі өзгерістер туралы бірқатар сараптамалық құжат әзірленгенін атап өтті. Дегенмен, кеңестің талдау қызметі жүйелі әрі тұрақты болуы үшін зерттеу жұмыстарының кешенді жоспарын дайындау керектігіне назар аудартты. 

«Бұл ретте жаңғыру үдерістерін жан-жақты әрі терең зерттеуге баса назар аудару қажет. Ұлттық кеңес реформаларға тұрақты мониторинг жүргізіп отырғаны абзал. Оны бұрмалауға немесе өзгерістер туралы жаңсақ пікір қалыптасуына жол бермеу керек. Қабылданған нормативтік актілер, саяси реформалар мен әлеуметтік-экономикалық бастамалар тұрғындардың тұрмысына қалай әсер етіп жатқанын қадағалап отырған жөн. Қолға алынған өзгерістер еліміздегі демократия қағидаттарын орнықтыра түсуге тиіс. Сондай-ақ азаматтардың әл-ауқатын арттыруға ықпал етуі қажет. «Халық үнінен құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға септігін тигізуі керек», - деді ҚР Президенті.