17 мау, 2022 сағат 23:54

ҚР Президенті Украинаның Еуропалық одаққа мүше болу мүмкіндігіне пікір білдірді


Украинаның Еуропалық одақ құрамына қосылуы Еуразиялық экономикалық одаққа қандай да бір нұқсан келтірмейді. Бұл туралы Петербург халықаралық экономикалық форумының пленарлық отырысында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Украинаның Еуропалық одаққа қосылу мүмкіндігі Еуразиялық экономикалық одаққа қандай да бір нұқсан келтірмейді деп санаймын. Украинаның Еуропалық одаққа қосылуы қалай жүргізілетіні басқа мәселе, себебі онда өте қатаң талаптар бар. Ал Украинаның экономикасы болса күрделі жағдайда тұр. Осы орайда оларда Украина үшін арнайы жеңілдетілген бағдарлама болуы ықтимал», - деді Тоқаев форумда қойылған сұраққа жауап бере отырып. 

Бұл тұрғыда Мемлекет басшысы аталған елдің қазіргі жағдайы қасіретке толы екенін айтты. 

Сонымен қатар Қазақстан Президенті кеңестік кезеңде Украина Кеңес одағының астық қоймасы әрі өнеркәсіптік дамыған республика болғанын еске салды. 

«Еуропалық одақ туралы мәселеге тоқталсам, Украинаның қосылуына қолдау көрсету туралы шешім қабылданды. Бұл өз кезегінде экономикалық одақ. Егер дәл осы экономикалық ұйымда Украинаны өз қатарларында көргілері келсе, онда мұны ақиқат деп қабылдау керек», - деді ол.