ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жаһандық жылыну үдерісі, су және азық-түлік қауіпсіздігі, трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалану секілді аса маңызды мәселерді бірлесіп шешу қажеттігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінде барша адамзат жаһандық жылыну үдерісіне алаңдап отыр. Халықаралық қауымдастық осыған байланысты шұғыл шаралар қабылдауға мүдделі. Қазір су және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – өзекті мәселе. Біз бидай егіп, ұн өндіретін ең ірі он елдің санатына кіреміз. Жыл сайын сыртқы нарыққа 7 миллион тоннаға дейін бидай шығарамыз», - деді Мемлекет басшысы Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде.
Қазақстан – Орталық Азиядағы астық экспорттайтын бірден-бір мемлекет.
«Алайда, біздің еліміздегі бидай өнімінің азаюына жол бермеу үшін, сондай-ақ, бүкіл аймақтың азық-түлік қауіпсіздігіне қатер төндірмеу үшін трансшекаралық су ресурстарын тиімді пайдалануымыз керек. Бұл – өте маңызды міндет. Түптеп келгенде, осындай шаралар біздің елдеріміздің өсіп-өркендеуіне тікелей ықпал етеді. Сондықтан, өздеріңізбен бірлесіп, гидроқұрылымдар салуға дайынбыз», - деді Президент.
Бұдан бұрын хабарланғандай, «Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі» енді «Түркі мемлекеттері ұйымы» деп аталды.