Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің трансшекаралық көлік артериялары мен логистикалық хабтарының әлеуетін дамыту керек. Бұл туралы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Трансшекаралық көлік артериялары мен логистикалық хабтардың әлеуетін дамыту да маңызды. Еуразиялық экономикалық одақты «Белдеу мен жол» бастамасымен түйіндестіру және заманауи логистикалық инфрақұрылымдарды қалыптастыру одақтың әлемдік тауар ағынындағы экономикалық ықпалын айтарлықтай күшейте түседі», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, ЕАЭО елдері қазірдің өзінде инфрақұрылымдық және көліктік жобалар топтамасын әзірлеп отыр.
«Оларды жүзеге асыруды жетелдетумен қатар шекаралық көлік ағындарына қызмет көрсету бағасына тартымды тариф құру да маңызды. Бұған дейін де айтқанымдай, көлік ведомстволарын барынша тығыз ынтымақтастыққа шақырамын. Бұған қоса, комиссия барлық мемлекеттермен бірге көлік дәліздеріне, кедергілерге кешенді шолу жасап, оларды жою бойынша нақты іс-шаралар ұсына алар еді деп санаймын», - деді ҚР Президенті.