Оңтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында Кәрім Мәсімов «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС-не барды, деп жазады Pm.kz.
Қазақстанның мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртудың үкіметтік бағдарламасына енген ауқымды жобаны жүзеге асыру барысы туралы Премьер-Министрге кәсіпорын президенті Ц. Ши мен бірінші вице-президенті А. Тұрысбеков баяндады.
«Шымкент мұнай өңдеу зауытын жаңғырту және жөндеу» жобасы 2011 жылы басталды, барлық жұмыстарды 2017 жылдың соңында аяқтау жоспарланған.
2016 жылдың қаңтар-мамырында ШМӨЗ өндірген өнім көлемі ақшалай мәнде 22 млрд теңгеден асты. Жаңғыртудан кейін К5 экологиялық кластың (ЕАЭО елдеріндегі Еуро-5 баламасы) талаптарына сәйкес зауыт жоғары октанды бензин шығарады. Зауыттағы өңдеу қуаттылығы 90%-ға дейін тазарту тереңдігімен шикі мұнай 5,2-ден 6 млн тоннаға дейін өседі деп күтілуде.
Бүгінгі таңда Қазақстанда үш МӨЗ - Павлодар, Атырау және Оңтүстік Қазақстан облыстарында жұмыс жасайды. Дегенмен, ішкі нарықтың сұранысын олар қамти алмайды.
Отандық отын-энергетикалық нарықты дамыту мәселелеріне Үкімет Елбасының тапсырмасы бойынша ерекше көңіл бөледі. Өңірлерге жұмыс сапары барысында Премьер-Министр Павлодардағы және Атыраудағы МӨЗ-на барып, Қазақстан үшін маңызды өндірісті жаңғырту және жөндеу барысымен танысты. Бұдан өзге, Атырауда Кәрім Мәсімов отандық мұнай сервисінің өзекті мәселелері бойынша кеңес өткізді. Кеңес қорытындысы бойынша Премьер-Министр екі жұмыс тобын құруды тапсырды, олар бір айлық мерзімде өзекті мәселелерді жинақтап, оларды шешудің нақты ұсыныстарын әзірлеулері тиіс.
Қазақстанның барлық үш МӨЗ-ын жаңғырту 2018 жылға қарай ҚР автокөлік отыны нарығында импорт алмастыруды қамтамасыз етеді.
Айта кетейік, Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда 2016 жылғы қаңтар-маусымда 1,527 миллион тонна бензин (2015 жылдың сәйкес кезеңінен 13,6%-ға артық), 2,370 миллион тонна дизель отыны (10,6%-ға өсу), 1,408 миллион тонна жағылатын мазут (13,5%-ға төмендеу) өндірілді.
Бірінші жартыжылдықта Қазақстан МӨЗ алдыңғы жылға қарағанда 13,6%-ға артық бензин және 10,6%-ға артық дизель өндірді.
2014 жылы 29,4%-ға және 2015 жылы 15,8%-ға төмендеуден кейін ағымдағы жылдың бірінші жартысындағы оң тренд салаға жігер берді.
"Ұлт ақпарат"