05 сәу, 2021 сағат 13:22

ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі жанынан Қоғамдық кеңес құрылды

Қазақстан Республикасының «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңына сәйкес «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде және Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің әдістемелік қолдауымен Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторингі агенттігінің жанынан Қоғамдық кеңес құрылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру үшін құрылған болатын.

Қоғамдық кеңес жаңа мемлекеттік органның қызметіне қоғамдық бақылауды жүзеге асыру мақсатында құрылды. 2021 жылғы 1 сәуірде өткен Қоғамдық кеңестің отырысында оның төрағасы Сәлімбай Шүнеев сайланды.

С.Шунеевтің салық инспекциясы, прокуратура, қаржы полициясы органдарында, сондай-ақ Қауіпсіздік Кеңесі мен Бас прокуратурада басшылық лауазымдарда жұмыс тәжірибесі бар. Қызметте болудың шекті жасына жетуіне байланысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтен босатылған.

Сонымен қатар, отырыс барысында Агенттік қызметінің бағыттары бойынша құрылатын комиссиялардың саны және қоғамдық кеңес төралқасының құрамы бекітілді, сондай-ақ комиссиялардың төрағалары сайланды.

Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторингі агенттігінің қоғамдық кеңесі азаматтық қоғамның мүдделерін білдіру және шешімдер қабылдау кезінде жұртшылықтың пікірін ескеру, мемлекеттік басқаруды жетілдіру және орган қызметінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында құрылған консультативтік-кеңесші, байқаушы орган болып табылады.

Естеріңізге сала кетейік, Қоғамдық кеңестер мемлекет пен азаматтық қоғам арасындағы диалог нысаны ретінде «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру аясында құрылған.