Ішкі істер министрлігі оқу орталығының бөлім басшысы сотталды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің Шымкент қаласы бойынша Экономикалық тергеу департаменті жүргізген сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында ҚР ІІМ «Б.Момышұлы атындағы оқу орталығы» (Шымкент қ.) мемлекеттік мекемесінің техникалық бөлім басшысы азамат Б.Дарханбаев материалдық жауапкершілікке ие бола отырып, өзіне сеніп тапсырылған бөтен мүлікті заңсыз иемденіп алғаны анықталды.
Азамат Б.Дарханбаев 2016 жылдың 1 қаңтары мен 2018 жылдың 1 тамызы аралығында мекемеге жанар-жағармаймен жабдықтаушы серіктестіктер жеткізген жалпы құны 7 672 100 теңгені құрайтын АИ-92 маркалы 31 937 литр бензин мен 18 202 литр дизель отынын иемденіп алды.
Оған қоса, азамат Б.Дарханбаевтың жасаған қылмысын жасыру мақсатында құқықтар беретін және міндеттерден босататын құжаттарды, лазерлік принтерді пайдалана отырып, 10 және 20 литрлік 1770 дана бензин талондарын, 888 дана дизельдік отын талондарын қолдан жасағандығы дәлелденген.
Қазіргі таңда Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық сотының үкіміне сәйкес Б.Дарханбаев ҚР ҚК-нің 189-бабы, 3-бөлігінің 1-тармағы (осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген іс-әрекеттер, егер олар iрi мөлшерде жасалса) және 385-бабының 1-бөлігі (құқықтар беретiн немесе мiндеттерден босататын куәлiктi немесе өзге де ресми құжатты қолдан жасау не мұндай құжатты өткiзу, сол сияқты қолдан жасалған мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, Қазақстан Республикасының немесе КСРО-ның мемлекеттiк наградаларын дайындау немесе өткізу) бойынша кінәлі деп танылып, 3 жыл және 6 айға бас бостандығын шектеу жазасына тартылды.