20 мам, 2019 сағат 14:46

ҚР ІІМ: Атырауда бес полицей қызметінен босатылды

Атырау облысы және қаласының полиция басшылары жазаланды, деп хабарлады бүгін ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Атырау облысындағы патрульдік полиция батальонының қызметкеріне қатысты БАҚ-та жарияланған сыни бейнематериал бойынша Ішкі істер министрі оқиға орнына барып қызметтік тексеру жүргізді.

«Жол қозғалысы» туралы заңды бұзуына байланысты жүргізілген тексеру қорытындысы және ведомстволық бұйрықтар бойынша көлік құралын себепсіз тоқтатқаны үшін батальонның үш қызметкері жұмысынан босатылды.

Сондай-ақ, жеке құрамды қадағалауды босаңсытқаны үшін аталған бөліністің командирі мен Атырау қаласы жергілікті полиция қызметінің бастығы қызметінен алынды.

«Қатаң тәртіптік жазаға Атырау қаласы Полиция басқармасының басшылығы, облыстық ЖПҚ және облыстық Полиция департаменті бастығының осы саланы қадағалайтын орынбасары тартылды», - делінген хабарламада.