ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Қайрат Қожамжаров "СК-Фармация" ЖШС-дан жымқырылған ақшаларға қатысты тергеудің қалай жүргізіліп жатқанын айтып берді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.
"Жақында Президент дәрі-дәрмек бағасы жайлы айтып өткен болатын. Қазақстанда дәрі-дәрмек өте қымбат. Беларусьпен, Ресеймен, Өзбекстанмен салыстырғанда қымбат. Сіздер "СК-Фармация" басшылығының қамауға алынғанын білесіздер. Тергеу жүріп жатыр. Бұл істі сотқа дейін жеткіземіз. Қылмыстық жолмен табысқа жету мақсатында дәрі-дәрмек бағасы екі-үш есе қымбат бағамен сатылып отырған", - деді Қайрат Қожамжаров журналистерге.
Еске сала кетейік, биыл қазан айында "СК-Фармация" басшысы тұтқындалып, компаниядан 1,8 миллиард теңгенің қолды болғаны хабарланған болатын.
"2015-2017 жылдары "СК-Фармация" ЖШС және "КазСибФармацея" ЖШС-ның басшылары 1,8 миллиард теңгені жымқырған. Осыған байланысты Касаткин мен "КазСибФармацея" ЖШС-ның басшысы А.О. Ахметовке қатысты тұтқындау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды. Сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр", - делінген хабарламада.