13 сәу, 2022 сағат 14:35

Қосымша мұнай жеткізу жолдары пысықталып жатыр - Болат Ақшолақов


Қазақстан қосымша мұнай жеткізу жолдарын пысықтап жатыр. Бұл туралы Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін Мәжілісте тілшілер министрден Каспий құбыр консорциумы бойынша жөндеу жұмыстары уақытылы аяқталмаса Энергетика министрлігі қандай жұмыстарды атқаратынын сұрады. 

«Қосымша мұнай жеткізу жолдарын анықтап жатырмыз. 16,5 млн тоннаға жеткілікті жолдар бар. Ал Каспий құбыр консорциумының өзі толық жабылатын болса, 54 млн тоннаны орналастыру қиын мәселе екені түсінікті. Осы көлемді орналастыруға біраз уақыт керек. Дегенмен оның ішінде 16,5 млн тоннаны балама бағыттар арқылы жібере аламыз. Теміржолмен, Ақтау порты арқылы және «Атырау-Самара» құбыры, сондай-ақ Қытай бағытына да өткізе аламыз», - деді Ақшолақов.