27 мау, 2019 сағат 21:17

Қостанайлықтар Арыс қаласындағы 450 көпқабатты үйді қалпына келтіреді

Қостанайда Арыс қаласындағы қару-жарақ қоймасының жарылуынан зардап шеккендерге қол ұшын созу үшін арнайы штаб құрылды. Штаб жұмысымен таныстыру үшін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов журналистермен кездесу өткізді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Арнайы құрылған штаб құрамына өңірдегі белсенді азаматтар енгізілген.

«Мұндағы мақсат - уақыт оздырмай төтенше жағдайға тап болған Арыс тұрғындарына қолдан келгенше жәрдемдесу. Осы оқиғадан кейін бірінші күні-ақ көптеген мемлекеттік мекеме, кәсіпорындар бір күндік жалақы аудару мәселесін қолдады. Тек қана мемлекеттік органдардың қызметкерлері зардап шеккендерге 20 миллион теңгеден астам қаржы аударды. Қазір игі іс одан әрі жалғасып жатыр. Бұдан жекеменшік мекемелер де бас тартып жатқан жоқ. Мәселен, «Қарасу» Холдингі 3,5 млн теңге, «Милх» ЖШС 1 млн теңге, «БК - Строй» құрылыс компаниясы 2 млн теңге аударды. Сондай-ақ, «Олжа-агро» ЖШС, «Баян сұлу» кондитер фабрикасы тәрізді ірі өндіріс орындары да бастамаға үн қосып жатыр. Қазіргі таңда Түркістан облысына 20 тонна ұн, 7 тонна макарон өнімдері, «Баян сұлу» АҚ 3 тонна контидерлік өнімдер жөнелтті», - деді Архимед Мұхамбетов баспасөз жиынында.

Арнайы штаб құрамында Қазақстанның Еңбек Ері Алмат Тұрсынов, «Атамекен» ҰКП ОФ жетекшісі Василий Розинов,  «Жас  қанат-2006» құс фарикасының  басшысы Қайрат Маишев, облыстық мәслихаттың хатшысы Сайлаубек Ещанов, «Нұр Отан» партиясы облыстық бөлімшесі төрағасының бірінші орынбасары Жаңабай Бейсембаев сияқты есімі көпке белгілі азаматтар бар. Өңір басшысы Қостанай облысының Арыс қаласындағы қирап, бүлінген 450 үйді қалпына келтіріп беретінін айтты. Қазір онда облыс әкімінің орынбасары Сергей Карплюк бастаған делегация жұмыс істеп жатыр. Олар бір апта ішінде қираған, бүлінген үйлердің шығынын есептеп, құрылыс жұмыстарына қанша қаражат қажет екендігін анықтайды. Содан кейін құрылысшылар нақты іске кірісетін болады.

«Қандай жағдай болмасын, біз көмек беруге дайынбыз. Қиын сәтте қол ұшын созу - парыз. Сондықтан, осы сәтті пайдаланып мен барша қостанайлықтарды Арыстағы ағайынға қаржылай қолдауға шақырамын. Бірлігі бекем ел ғана алға озады», - деп түйіндеді облыс әкімі.

Сондай-ақ, облыстық кәсіподақтар орталығы «Сәби» гуманитарлық көмек беру акциясының аясында 1 жасқа дейінгі балаларға қостанайлықтардың атынан қажетті заттарды жинауды ұйымдастырып, барлық қажетті заттарды бүгін түстен кейін Түркістан облысына аттандырды. Онда балалар тағамы, гигиеналық заттар, киім-кешектер бар.

Төменде Арыстағы зардап шеккен ағайынға қаржылай көмек беру үшін «Здоровье.kst» қоғамдық қорының реквизитін ұсынып отырмыз.

БИН 190140031149

ИИК КZ  6010221000089191

АО «Нарадный банк Казахстана»

БИК HSBKKZKX

КБЕ 16