Қостанайда өрт шыққан қару-жарақ дүкенінің директоры ауыр халде ауруханада жатыр. Оның денесінің 50 пайызын күйік шалған. Бұған дейін жертөледе қамалып қалғаны айтылған қызметкерлердің жағдайы әзірге белгісіз, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Қостанайда өрттің аумағы ұлғайды. Оның аумағы екі мың шаршы метрден асып кеткен. Қазір өрт сөндірушілер ғимаратта басқа адамның бар-жоғын тексеріп жатыр.
"Қазіргі уақытта өрттің аумағы 2500 шаршы метр болды. Қару-жарақ қоймасында зардап шеккендердің бар-жоғын барлау үшін жеке құрам сауыттармен және қалқандармен жабдықталған", - деп мәлімдеді Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіні.
Өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Жағдайды аптап пен қатты жел қиындатып отыр. Сондай-ақ өрт тұтану ошағына жақын орналасқан 8 жеке үйді шарпыған.
Еске салайық, бұған дейін Қостанайдағы "Оружейная палата" дүкенінде өрт болып жатыр деген хабарламалар тараған.