12 қар, 2025 сағат 11:31

Қостанайда жасөспірімдер интернет арқылы алаяқтарға көмектесіп, қылмыстық іске ілінді


Фото: gov.kz


Қостанай облысында бірнеше жасөспірім интернет арқылы "табыс табамыз" деген сылтаумен алаяқтық схемасына қатысқан. Қазір оларға қатысты қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Ult.kz.


Полицияның мәліметінше, Щербаково және Қашар кенттерінде тұратын 13-14 жастағы оқушылар белгісіз адамдардың өтінішімен ондаған SIM-картаны тіркеп, оларды үшінші тұлғаларға пайдалануға берген. Кейін бұл нөмірлер алаяқтар тарапынан мессенджерлерде жалған аккаунттар ашу және тұрғындарды алдау үшін қолданылған.


Алаяқтар азаматтарға "есептегіштерді тексереміз" немесе "сізге сәлемдеме келді" деген хабарламалар жіберіп, осылайша 8 миллион теңгеге жуық зиян келтірген.


Тергеу барысында тәртіп сақшылары күдіктілердің телефондарын және SIM-карталарын тәркілеген. Жасөспірімдер өз кінәсін мойындаған. Қазір полиция қылмыстық схеманың өзге де қатысушыларын анықтап жатыр.


Сонымен қатар, Щербаково ауылында тағы бес оқушы дәл осындай жолмен әрекет еткені белгілі болды. Олардың ата-аналары заңға сәйкес жауапкершілікке тартылады.


Полиция азаматтарға ескерту жасады: басқа адамдарға тіркелген SIM-карталарды жалға беру немесе сату заңмен тыйым салынған және ол алаяқтық пен өзге де қылмыстарға жол ашады.