Фото: Polisia.kz
Қостанайда “CyberPol” қызметкерлері тұрғындарды 20 млн теңгеге сан соқтырған алаяқты анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қостанай облысының полициясына қаланың 6 тұрғынынан “Сіздің қызыңыз жол көлік оқиғасына түсті” деген дәстүрлі схеманы пайдалана отырып, алаяқтар алдағаны туралы арыз келіп түскен. Залал сомасы 20 млн теңгеден асты.
Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәліметінше, барлық өтініш бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Тергеуге “Cyberpol” бөлімшесі мен Қостанай қаласы полиция басқармасының қызметкерлері кіріскен.
"Жедел-тергеу іс-қимылдарын жүргізу кезінде облыс орталының 6 тұрғыны зардап шеккені анықталды. Олардың барлығы - зейнеткерлік және зейнеткерлік жасқа дейінгі адамдар. Оларға үй телефонына қоңыраулар келіп, белгісіз адамдар туыстарының апатқа ұшырағанын хабарлаған. Алаяқтар қолда бар ақшаны беруді сұраған", – деді “CyberPol” бөлімшесінің қызметкері Олжас Магыпаров.
Сонымен бірге жәбірленушілер өздерінің үйіне келіп отырған қызға ақша берген. Оның сыртқы келбеті туралы сипаттамалар әртүрлі болған. Ол жасанды шаш ауыстырып отырған. Сондай-ақ қара көзілдірікті және әр түрлі бас киімдерді қолданған.
"Алаяқ Қостанай қаласындағы қонақ үйлердің бірінде люкс нөмірінде ұсталды. Одан 800 мың теңге сомасында ақша алынды. Ол қалған қаражатты қымбат телефон, заттар мен ойын-сауық құралдарын сатып алуға жұмсаған", – дейді Олжас Магыпаров.
Қазіргі уақытта күдікті ҚР ҚІЖК-нің 128-бабы тәртібімен УҰИ-ға қамалған.