25 жел, 2019 сағат 09:57

Қостанайда сібір елігін атқандар ұсталды

Қостанай облысының полицейлері Қарабалық ауданының Приречное ауылында сібір елігі мен жабайы қабанды заңсыз аулағандарды қолға түсірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Полицияның баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа сүйенсек, 23 желтоқсан күні іздеуде жүрген 44 жастағы азаматты ұсталған. Тінту барысында оның үйінен 4 жабайы қабан мен 6 сібір елігі тәркіленді. Сондай-ақ, екі елік және бір жабайы қабанның еті, тіркелмеген тегіс ұңғылы мылтық пен 60 оқ табылды.

«Қостанай облысының табиғат қорғау полициясының бастығы полиция подполковнигі Талғат Ахметовтың айтуынша, 2019 жылдың 7 қыркүйегінен бастап 31 желтоқсанға дейін жабайы қабан мен елікті аулау маусымы ашық. Жануарларды ату үшін аң аулау лицензиясы керек. Аталған аңшының рұқсат құжаттары жоқ болып шықты. Қазіргі уақытта ҚР ҚК 337-бабына сәйкес «Заңсыз аң аулау» фактісі бойынша сотқа дейінгі амалдар жүргізіліп жатыр», - деді облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің маманы Кенже Қонысбай.

Жыл басынан бері Қостанай облысында 22 заңсыз аң аулау фактісі анықталған, табиғатты қорғау заңнамасын бұзғаны үшін 700-ден астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.