Сурет: "Наша газета" басылымы
Қостанайда 6 маусымға қараған түні екі қабатты коттедж өртеніп, екі адам қаза тапты. Бұл туралы жергілікті "Наша газета" басылымы хабарлады.
Басылым мәліметінше, өрт Абай даңғылы мен Лермонтов көшесі қиылысында орналасқан коттеджден шыққан. Редакцияға жолданған суреттерде өрт аумағынан бір топ адамның шығып жатқаны көрсетілген.
Куәгерлердің айтуынша, полиция қызметкерлері үйдің терезелерін қағып, іштегі адамдарды оятуға тырысқан. Сонымен қатар, коттедж бөлмелері жалға берілген деген болжам айтылды.
"Өрт туралы хабарлама сағат 00:06-да келіп түсті. Өрт орнында бірінші деңгейлі күйік шалған төрт адамға медициналық көмек көрсетілді. Сонымен қатар үйдің ішінен төртінші деңгейлі күйік шалған екі адамның мәйіті табылды", - деді денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ксения Жылқыбаеева.
Ал, төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі болған жайт туралы толық ақпаратты кейінірек беруге уәде етті.