Фото: ашық дереккөз
Қостанай облыстық ауруханасында дәрігерге қол көтерген азаматқа қатысты тергеу жүріп жатыр, деп хабарлайды Ult.kz.
Аурухана өкілдерінің мәліметінше, күрделі отадан кейін хирург қабылдау бөліміне түсіп, кезекпен келген науқастарды қарап жатқан. Алайда бір азамат кезек күтуден бас тартып, дәрігерге қол жұмсаған. Жұдырықтың салдарынан дәрігер есінен танып қалып, ауыр жағдайда жансақтау бөліміне жеткізілген.
«Қазір оқиға бойынша полиция тергеу жүргізуде. Бұл жай ғана тұрмыстық жанжал емес, адам өмірін сақтауға бар күшін салып жүрген мамандарға қарсы бағытталған қылмыс. Біз әділ тергеуді талап етеміз және халықты медицина қызметкерлеріне құрметпен қарауға шақырамыз. Дәрігерге жасалған әрбір соққы – бүкіл денсаулық сақтау саласына соққы болып тиеді», — деп мәлімдеді облыстық аурухананың баспасөз қызметі.
