05 қыр, 2018 сағат 11:37

Қостанайда Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған ескерткіш құлатылды (Видео)

Қарабалық ауданында 2015 жылы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып орнатылған ескерткіш құлатылды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Қостанай облысы Қарабалық ауданында Қазақ хандығының 550 жылдығына арналып орнатылған ескерткіш қиратылды. Мұндай келеңсіз көріністі Ержігіт Оралбеков есімді Фейсбук желісінің қолданушысы өз парақшасына бөліскен еді.

Әлеуметтік желіде дау тудырған жағдайға байланысты жергілікті атқарушы билік өкілдерінің жауап беруін сұрадық.

«Осы жылдың көктем айында ескерткіш үгітіле бастады. Өйткені ол таза цементтен ғана салынған.  Жергілікті тұрғындармен ақылдаса келе, құлайын деп тұрған архитектуралық форманы ауыстыру немесе жөндеу мәселесін талқыладық. Себебі, ескерткіш кез келген уақытта құлауы мүмкін еді. Жақында мұның орнына басқа ескерткіш орнатуды ұйғардық. Жаңа нысан таза қоладан жасалады және бұрынғы ескерткіштен 50-70 сантиметрге биік болады. Ол үшін Алматы қаласына тапсырыс берілді. Қазан айының алғашқы онкүндігінде әкелінеді. Жаңа ескерткішке Қарабалық батырдың есімі беріледі , - деді Қарабалық ауылының әкімі Асан Шектібаев агенттік тілшісіне берген жауабында.

Ауыл әкімінің сөзінше, жаңа ескерткіштің маңайын абаттандыруға байланысты конкурстық шаралар өткізіліп жатыр. Жаңа нысанды ресми бекіту үшін қажетті құжаттар министрлікке ұсынылды. Айта кетейік, сәулет композициясы жеке кәсіпкерлердің қаражатына салынады.