14 қар, 2019 сағат 13:14

Қостанайда алаяқтар 50 млн теңгенің жүгін заңсыз иемденіп кеткен

Қостанай облысында қымбат мүлікті заңсыз иемденіп кеткен алаяқтар іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыстық полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қостанай облысы полиция департаментінің бастығы Бекет Аймағамбетовке Қазақстан мен Ресей арқылы жүк тасымалдайтын көлік фирмасының иесі өтініш білдірді. Ол интернет-алаяқтардың құрбаны болғанын айтқан. Кәсіпкер интернеттен «көлік жүргізушісін» тауып, келісім-шарт жасасқан. Алайда қымбат жүк діттеген жеріне дейін жетпеген.

«Олардың барлығы Қостанай қаласының тұрғыны, олардың біреуін білемін, сондықтан да оларға сеніп едім. Құны 50 миллион теңгеден асатын жүк Өскеменнен Ресейге жеткізілуі тиіс еді. Арада келісім-шарттың барына қарамастан, алаяқтар орта жолда телефонға жауап бермеді», - дейді кәсіпкер.

Кәсіпкер танысы арқылы өз мүлкінің Ресейдің басқа қаласына жеткізілгенін анықтаған.

Полиция департаменті бастығының нұсқауы бойынша бұл қылмысты тергеу үшін арнайы жедел-тергеу тобы құрылды.

«Арнайы топ Қазақстанның бірнеше облысында тергеу жүргізеді. Бұл алаяқтықтың өте сирек тәсілі, тергеу жұмыстарымен тәжірибелі полиция қызметкерлері айналысады», - деп атап өтті генерал Аймағамбетов.

Жыл басынан бері ведомство басшысының жеке қабылдауына 200-ден астам азамат жүгінсе, олардың мәселелері шешіліп, заң кеңестері берілген.