Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі отандық байланыс операторларымен бірлесіп, ауқымды орман өрті орын алған Қостанай облысының барша тұрғындары үшін тегін ұялы байланыс қызметтерін қамтамасыз етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Атап айтқанда, Kcell/Activ, Beeline, Altel/Теле2 операторлары тұрғындарға тегін ұялы байланыс трафиктерін жолдады. Осылайша өңір тұрғындары жақындарымен еш кедергісіз байланыс орната алады.
Бұдан бөлек, өртті сөндіруге жұмылдырылған шұғыл қызметтердің жұмысын қолдау барысында Tele2/Altel операторы ТЖМ қызметкерлерін байланыспен қамтамасыз ету мақсатында арнайы мобильді базалық станция орналастырылған.
"Қостанай облысының тұрғындарын өрт апаты салдары жойылғанша сапалы байланыспен қамтамасыз ету мәселесі - біздің ведомствоның тікелей бақылауында. Біз отандастарымызға өз тарапымыздан қолдау көрсету бағытында тиісті шараларды жүзеге асырамыз" - делінген хабарламада.
Ал Қазақтелеком таратқан мәліметке сәйкес, Әулиекөл ауданының тұрғындары жыл соңына дейін абоненттік төлемнен толық көлемде босатылды және телекоммуникациялық қызметтерді тегін алады. Бұдан бөлек, тілсіз жаудан зардап шеккен үш ауыл – Озерное, Лесное мен Аманқарағай тұрғындарының телекоммуникация қызметі үшін барлық берешегі мен өсімпұлы кешіріледі.