10 қыр, 2022 сағат 15:30

Қостанай облысындағы өрт толық сөндірілді


Қостанай облысының Әулиекөл ауданындағы орман өрті 10 қыркүйекте толықтай сөндірілді, - деп хабарлайды Қостанай облысының ТЖД баспасөз қызметі.

"2 қыркүйекте сағат 15:10-да Әулиекөл ауданының Басаман және Семиозер орман шаруашылығы басқармаларының аумақтарында ағаштар мен құрғақ шөптер өртенген болатын. Өрт аумағы - 43 мың гектар. Екі елдімекендегі 91 тұрғын үй жанып кетті. Эвакуацияланғандар үйлеріне оралып, қалғандары туыстарында қалды. Өрт басталғаннан бері барлығы 2 091 адам эвакуацияланды", - делінген хабарламада.

12 адам өрт кезінде жеңіл және орташа ауырлықтағы жарақаттар, күйіктер алып, уланған. Зардап шеккен 3 адам Әулиекөл аудандық ауруханада ем қабылдап жатыр. 1935 жылы туған бір адам қаза тапты.

Жедел штаб жұмысы басталғаннан бері ТЖМ жедел желісіне 38 қоңырау келіп түсті. 87 азаматқа консультациялық-психологиялық көмек көрсетілді, 45 баламен топтық психологиялық жұмыс жүргізілді.

Тікұшақтар әуеден 327 рет су шашты. Өртті сөндіруге 1 785 адам және 207 бірлік техникадан құрылған күштер және құралдар жұмылдырылды. Оқиға орнында Басаман және Семиозер орман шаруашылығы басқармасы 73 адам және 21 бірлік техникадан құрылған күштері мен құралдары қалды.