«Арқалық-Торғай» автожолында Жангелдин аудандық ауруханасының жедел жәрдем көлігі мен «Шевроле Нива» жеңіл автокөлігі соқтығысты. Алған жарақатынан фельдшер көз жұмды. Полиция тергеу амалдарын бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жол апаты кеше кешке 22.30 шамасында «Арқалық-Торғай» автожолында болған.
«Аталған факті бойынша ҚР ҚК 345-1-бабы 3-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Қазіргі уақытта сараптама тағайындалған», - деп атап өтті Қостанай облысы ПД баспасөз қызметі.
Белгілі болғандай, «Шевроле Нива» жүргізушісі дала жолымен жүріп келе жатып, маневрдің қауіпсіз екеніне көз жеткізбестен, екінші жолдан басты жолға шығып кеткен.
Салдарынан Жангелдин орталық аудандық ауруханасының санитарлық арнайы автокөлігі – «УАЗ»-бен соқтығысқан.
«Жол апаты салдарынан «УАЗ» автокөлігінде болған фельдшер көз жұмды. Әйел алған жарақаттарынан ауруханада қайтыс болды. Санитарлық арнайы көліктің жүргізушісі көптеген жарақат алған», - деп толықтырды ведомстводан.
Жүргізілген сараптама барысында «Шерволе Нива» көлігінің 32 жастағы жүргізушісі мас күйде болғаны анықталды.
Instagram желісінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы марқұмның отбасына көңіл айтты.
«Жангелдин аудандық ауруханасының медбикесі 1969 жылы туған Нұрсәуле Бүркітбайқызы Асқарова бір ауруханада үзіліссіз жұмыс істеді. 33 жыл бұрын ол Арқалық медициналық колледжін бітіріп, осында жұмысқа келген. 1989 жылдан бастап «Жангелдин орталық ауруханасы» КМК түрлі бөлімшелерінде, соңғы жылдары емхананың медбикесі болып жұмыс істеді. Мейірімді, ақкөңіл жан еді. Әріптестері мен пациенттерінің есінде өз ісінің маманы болып қалды. Қайтыс болған әріптесіміздің отбасына шын ниетпен көңіл айтамыз», - делінген хабарламада.