11 там, 2022 сағат 10:30

Қостанай облысында қантқа қатысты қылмыстық схема әшкереленді


Қостанай облысында бағаны тұрақтандыруға арналған қантты бөлудің қылмыстық схемасы әшкереленді, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Антикордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

"Әкімдік пен "Тобыл ӘКК" АҚ қызметкерлері қант тапшылығын пайдалана отырып, оны облыстың тұрақтандыру қорынан жеңілдік құны бойынша келісіне 420 теңгеге кезектен және нормадан тыс таңдалған кәсіпкерлерге берген.

Бұл үшін кәсіпкерлер әкімдік пен ӘКК қызметкерлеріне сыйақы ретінде 100-ден 500 келіге дейін қантты үлестірген. Бұдан әрі ол кәсіпкерлер пайда көру мақсатында халыққа қантты 10 пайыздың орнына 100 пайыз үстеме бағамен сатқан", - делінген хабарламада.

Антикор мәліметінше, тұрақтандыру қорындағы қойма меңгерушісінің жеке гаражын тексеру барысында 900 келі қант табылып, тәркіленген. Алынған қант тұрақтандыру қорына қайтарылған. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес жариялауға жатпайды.