Қостанай облысында егін жинау науқаны ерте басталып кетті. Бұл туралы Архимед Мұхамбетовтің төрағалығымен өткен селекторлық агрокеңесте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Биылғы жаздың ыстығы, жауын-шашынның жоқтығы аймақтағы дәнді дақылдың өсуіне айтарлықтай тежеу болып отыр. Қуаңшылыққа байланысты өңірімізде егін жинау науқаны әдеттегіден ерте басталып кетті. Кейбір аудандарда астық ору қарқынды жүріп жатыр. Әсіресе, облыстың оңтүстік бөлігінде егін шығымы төмен. Бұл шаруалардың жағдайын алаңдатуда.
«Мен демалыс күндері аудандарға шығып, диқандармен жүздестім. Шаруалар 2012 жылдан бері екі-үш центнер бидай жинап келе жатқанын ашық айтып отыр. Қатарынан жеті-сегіз жыл бойы егін шығымының дұрыс болмауы бәрімізді алаңдатады. Жанар-жағармай, тұқым, техника, жұмыскерлердің жалақысына шығындалған агроөнеркәсіп тауарын өндірушілер үшін бұл үлкен салмақ болатыны анық. Негізі, астықтан пайда көрмейтіндер болса, мал саласына бет бұрғандары дұрыс», - деді Архимед Мұхамбетов.
Сонымен қаатар ол күзгі егіс науқанын ойдағыдай өткізу, тығырықтан шығудың тетіктерін қарастыруды тапсырды. Қазір оңтүстік-батыс аудандарда жем-шөп әзірлеу көрсеткіші 24-50 пайызға ғана орындалған.
Жиында онлайн байланысқа шыққан Қазақстанның Еңбек Ері Борис Князев өз тәжірибесімен бөлісті. Айтуынша, биылғы құрғақшылықты сонау 1975 жылғымен салыстыруға болады.
«1984 жылы да қатты қуаңшылық болды. Бірақ ол жылы тамыз айында жауын-шашын түсті де, шөптің өсуіне сеп болып еді. Мұндай кездерде мал жей бермейтін шөптер мен қамысқа жем араластырып малға береміз. Осы жолы біздің серіктестік көрші Жітіқара ауданынан шөп шауып жатыр. Негізі, өзен-көлдердің жиегін, техника жеткен жердегі қамыстарды, ой жерлердегі ылғалда жатқан шөптерді қалдырмай шауып алған жөн. Алдын ала сабан, сүрлем дайындау қажет», - деп кеңес берді ол.
Архимед Мұхамбетов күзгі жиын-терімді барынша ойдағыдай орындап, астық ору кезінде ұрлық-қарлыққа ұрынбай, қатаң күзет болуын айтты. Сондай-ақ қолдағы қор қаржысын мүмкіндігінше үнемдеп жұмсауына кеңес берді. Мәселен, Арқалық қаласының әкімі Эльдар Күзенбаев жергілікті шаруашылықтар тарапынан 5 трактор, 7 комбайн сатып алуға құжаттар әзірленіп жатқанын айтқан болатын.
«Тек арқалықтықтарға ғана емес, барша диқандарға өте қажеттілік болмаса, техника сатып алуға асықпаңыздар. Алдымен жинаған дәнін барынша жоғары бағаға сатып, келер көктемге тұқым құйып алу, 2020 жылдың қазан айына дейін жұмысшылардың жалақысын төлей алатындай қауқары болу, қыста жол тазарту, басқа да өзекті мәселеге ден қоюына кеңес беремін. Сондай-ақ, халықтың мал басын сақтап қалуын айрықша назарға алыңыздар», - деді Архимед Мұхамбетов.