Фото: gov.kz
6 шілдеде Қостанай өңірінің "Заречное" тәжірибелік-өндірістік шаруашылығының аумағында италиялық прус пен табындық емес шегірткелердің үйірі анықталды. Ол жерге Қостанай облыстық аумақтық инспекциясының жетекшісі Дархан Әбдікәрімов бастаған мамандар тобы барды. Егістіктерді зерттеу нәтижесі Қостанай ауданының азғантай аумақтарында зиянкестердің таралғанын көрсетті. Сондай-ақ жәндіктердің таралу қаупінің төмендігіне қарамастан, бұл ауданда және Қостанай қаласында аумақтарға химиялық өңдеу жүргізу туралы шешім қабылданды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" АШМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Айта кетейік, бүгінгі таңда Қостанай облысында табын шегіртке зиянкестерінің болуына байланысты 1,7 млн га жер зерттелді. Италиялық прусқа қарсы қорғаныс шаралары 290,9 мың га жерде, азиялық шегірткеге қарсы 6,5 мың га жерде жүргізілді. Облысқа барлық қажетті препараттардың көлемі алдын ала жеткізілді.
Жалпы, табын шегірткелерінің дамуы мен таралуы циклдік сипатқа ие. Ауа-райы мен климаттық жағдайларға байланысты әр жылдары зиянкестер санының көбеюі мен азаюы болды.
Мәселен, шегірткелердің ең ауқымды таралуы 2000 жылы тіркелген болатын, 7,1 млн га аумаққа тарады.2015 жылдан 2019 жылға дейін химиялық өңдеу алаңының 3,2 млн гектардан 567,6 мың гектарға дейін төмендеуі байқалды. 2020 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін табын зиянкестерінің таралуының көбейгені байқалады.