28 қаз, 2019 сағат 16:07

Қостанай облысында 1 млн гектар жер мақсатсыз пайдаланылған

Қостанай облысында жер телімдерін пайдаға жарата алмай жүргендер әкімшілік жауапқа тартылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Қостанай облысында пайдаланылмаған жерлерді қайтару жөнінде жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. 6 жыл ішінде қайтарылған жерлердің жалпы көлемі 1 млн гектардан асады. Қостанай облысы әкімдігінің жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы басшысының орынбасары Әсел Табергенованың айтуынша, өздеріне берілген алқаптарды пайдасына жарата алмай жүргендер әкімшілік жауапқа тартылды.

«Елімізде кәдеге жаратылмаған алқаптарды түгендеу жұмыстары бірнеше жыл қатарынан жүргізіліп жатыр. Жер учаскесін ұтымды пайдаланбау қатаң тексеріледі. 2012-2018 жылдар аралығында аймақта пайдаланылмай бос жатқан 1 млн 578 мың гектар анықталды. Оның 1 млн 256 мыңы жайылымға арналған болса, қалғаны егіндік жерлер. 1 млн гектар жер мақсатты қолданылмағаны үшін мемлекет меншігіне қайтарылды. Ал құрылысқа арналған алқапты теріс мақсатта пайдаланған 36 жер учаскесінің иесі жазаға тартылды. Олар 1 жылдан астам уақыт бойы жерді алып, ешқандай құрылыс салмаған. Қағаз жүзінде қожайындарына ескерту жасалды. Әрі қарай соттың қарауына жіберіледі», - дейді Әсел Табергенова.

Жалпы, Қостанай облысында 17 млн гектар жер ауыл шаруашылығына қолдануға арналған.