Қостанай облысының Жангелдин ауданы аумағына зымыран қалдықтары құлады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Жангелдин ауданы әкімінің орынбасары Дінмұхамед Бидашевтің сөзінше, зымыран қалдықтарынан қауіп жоқ. Бұл халықаралық OneWeb бағдарламасы шеңберінде жүзеге асып отыр.
«Зымыран сынықтары аудан аумағына 7 ақпан күні құлады. Бұл арнайы келісім бойынша жасалып отыр. Тұрғындарға ескертілді. Химикаттар немесе сұйықтықтар жерге төгілген жоқ. 10 ақпанда сынықтар утилизациялауға алынды», - деді Дінмұхамед Бидашев.
Айта кетейік, былтыр осы мәселеге қатысты Жангелдин ауданында жиын өткен-ді. Мемлекет шешімі бойынша Шөптікөл елді мекені маңынан Ресейдің зымыран қалдықтарын құлатуға жер берілді. Қалдықтар белгіленген жылдар ішінде 8 рет құлайды. Сондай-ақ, аудан бюджетіне жыл сайын 151 млн теңге қаржы аударылады. Ал қалдық тасталатын Ақкөл мен Қарасу ауылдарына жедел жәрдем көліктері бөлініп, ауызсу тартылады.