Қос қызын оқуға түсірмек болған ақтөбелік шенеунік қызметіне қайта оралуды ойлап отыр. Бүгін №2 Ақтөбе қалалық сотында осыған қатысты азаматтық іс қаралды, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары Алмат Ермағамбетов қыздарын Назарбаев университеті мен Назарбаев мектебіне түсірмек болып, «Азери Медикал» ЖШС директоры Ботагөз Биекеноваға 7 миллион теңгеден астам ақша берген болатын. Қазіргі күні Б. Биекенова «Алаяқтық» бабы бойынша сот алдында жауап беріп жатыр. Ал мемлекеттік қызметкердің бұл әрекеті бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тарап, кейін істі Әдеп кеңесінде қаралды. Әдеп кеңесінің жұмыстан шығару туралы ұйғарымын облыстық денсаулық сақтау басқармасы бұлжытпай орындаған. Бұл шешімге арызданушы Алмат Ермағамбетов келіспей, бүгін №2 қалалық сотта азаматтық іс қаралды. Алмат Ермағамбетов жұмысқа қайта орналасуды талап етіп отыр.
«Алмат Ермағамбетов 24- қараша күні ақысыз демалысқа шығу туралы арыз жазды. Оның арызы қанағаттандырылған. Ал 25- қараша күні Әдеп кеңесіне шақырылып, сол жерде оны жұмыстан шығару туралы ұйығарым беріледі. Жұмыстан тек басшы шығара алады. Сондықтан біз Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Әдеп кеңесін жауапкер ретінде қарастырмаймыз. Талапкер Ермағамбетов облыстық денсаулық сақтау басқармасы негізсіз жұмыстан шығарды деп есептейді. Себебі, ол қыздарын университет пен мектепке түсіруге емес, арнайы курстан өтуге ақша берді. Ал ол қызмет ақылы. Қазіргі уақытта оның жұбайы бала күтімімен үйінде отыр. Табыс көзі болмаған соң жұмыс орнына қайтарып, жұмыстан қалған күндеріне айлығын есептеуді сұраймыз», - деді қорғаушы Раушан Ізтілеуова.
Еске сала кетсек, облыстық денсаулық сақтау басқармасы Ермағамбетовті 6-желтоқсан күні жұмыстан шығарып жіберген.
«Ермағамбетовтың жұмыс орнын қайтару туралы арызын негізсіз деп есептейміз. Ол облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары қызметінде 2014 жылдың ақпанынан бастан жұмыс істеді. Мемлекеттік қызметкер жұмысқа кіріскен кезде ол сыбайлас жемқорлыққа әкелетін кез келген істен қашық жүруге келісім береді. Бұл талап орындалмаған. Сол себепті Әдеп кеңесінің ұйғарымы толық орындалып, ол қызметінен кетті», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының заңгері Қуаныш Айжігітов.
Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің, Әдеп кеңесі «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның «Мемлекеттік қызметшілерге қызметтік әдепті сақтау бойынша қойылатын талаптар» бабын сақтамаған деген шешімге келді. Яғни, Ермағамбетов мемлекеттік қызметке кір келтіретіндей әрекеттер жасауға жол бермеуі тиіс еді. Бұл оның қолынан келмей, қылмыстық істе 7 миллион теңгені даулап отыр. Айта кетейік, Алмат Ермағамбетов қазіргі күні екі іс бойынша сотта жауап береді. Бірнеше адамды алдап, 17 миллион теңгеден астам ақшаны жымқырған Ботагөз Биекенованың ісінде ол жәбірленуші. Азаматтық істе ол талапкер.