Коронавируспен күресу бойынша дағдарысқа қарсы шаралар аясында бөлінген қаржыны жымқырған күдіктілер қамауға алынды. Бұл туралы Antikor News жобасының тікелей эфирінде айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының «Облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясы» ШЖҚ МКК директорына, сондай-ақ оның орынбасарына қатысты ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдік бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады», - дейді Агенттіктің аппарат басшысы Қуаныш Жапақов.
Оның айтуынша, олар коронавирус пандемиясымен күресу бойынша дағдарысқа қарсы шаралар аясында «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы бойынша бөлінген арнайы жедел жәрдем автомашинасын жөндеу бойынша қызметтер көрсеткені үшін жасалған шарт бойынша орындалған жұмыстар актісіне қол қою арқылы жалпы сомасы 3 024 930 теңге бюджет қаражатын жымқырды деп күдіктелуде.
«Биыл 23 тамызда «Облыстық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясы» ШЖҚ МКК директоры мен оның орынбасарына қатысты «қамауда ұстау» бұлтартпау шарасы қабылданды. Тергеу жалғасуда», - дейді ол.