Коронавирус инфекциясын жұқтырған қазақстандық әйелмен бір ұшақта 90 жолаушы болған, оның 20-сы ауруханаға жатқызылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова айтып берді.
«Нұр-Сұлтан қаласына коронавирус жұқтырған әйелмен бір ұшақта 90 жолаушы ұшып келді. 84 жолаушы Нұр-Сұлтан қаласында жүр. Олардың арасында іссапармен келген, қыдырып келген шетелдіктер де бар. Қалған алты жолаушы еліміздің басқа өңірлеріне шығып кеткен. Олармен сол өңірлер жұмыс істеуі тиіс», - деді С. Қисықова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, Нұр-Сұлтандағы барлық 84 жолаушымен байланыс орнаған.
«Барлық 84 жолаушыға хабарласып шықтық. Олардың арасында қайту билеті бар ресейліктер де бар. Соған қарамастан, барлығын оқшаулаймыз. Әзірге 20 адам ауруханаға жатқызылды», - деді басқарма басшысы.
Бұған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов елордада коронавирус жұқтырған үшінші адамның анықталғанын хабарлады.