17 нау, 2020 сағат 10:38

Коронавирус: Жамбылда 11 адам - стационарда, 9 адам - үй карантинінде жатыр

Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов ӨКҚ ақпарат алаңында коронавирус індетінің алдын алу, профилактикалық шаралар туралы баяндап берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Спикердің айтуынша, Жамбыл облысы әкімінің өкімімен облыстық комиссия құрамы, оның жоспары мен жұмыс алгоритмі мен міндеттері бекітілген. Барлық медициналық ұйымдар коронавирусты инфекциямен ауыратын науқастарды қабылдауға және емдеуге, сондай-ақ стационарлық жағдайда карантинге оқшаулауға дайын. 

«Барлық емдеу, алдын алу мекемелерінде медицина қызметкерлері үшін санитарлық автотранспорттың, жеке қорғану құралдарының, дезинфекциялық препараттардың, дәрілік заттардың қажетті қорының болуы қамтамасыз етілген. 1040 төсектік төсек қоры дайындалды, оның ішіндегі 400-і - ауруларды емдеу үшін, 640 төсек - карантин үшін. Емдеу-алдын алу іс-шараларын ұйымдастыру және өткізу үшін жоғарыда көрсетілген нысандарда 610 жоғары білікті арнайы оқытылған медицина қызметкері жұмылдырылды», - деді басқарма басшысы.

Бүгінгі таңда облыс аумағына басқа елдерден келушілерге тиісті медициналық бақылау мониторингі жүргізілуде. 17 наурыздағы жағдай бойынша облыс аумағында 1 а санаттағы елдерден (ҚХР, Иран, Оңтүстік Корея, Италия) келген 11 азамат карантинге жатқызылды. Барлық оқшауланғандардың денсаулық жағдайы қанағаттанарлық. Ал, 1 б санаттағы елдерден (Франция, Германия, Испания) үй карантиніне 9 адам алынды. 2 санаттағы елдерден (Швейцария, Ұлыбритания, Нидерланд) келген азаматтар жоқ. Бұл жұмыс күнделікті, тиісті бақылауда және әрі қарай жалғасуда.