17 нау, 2020 сағат 15:43

Коронавирус үрейлі болғанымен жауапкершілік қашан да жоғары – қазақ-қытай шекарасындағы тексеруші маман

Коронавирус қаупі жайлы ең алғаш ақпараттар шыға бастағанда дүйім жұрт дүрлігіп, көптің назары шекарадағы бекеттерге ауған еді. Қазақстан мен Қытай арасындағы сондай станциялардың бірі – Алматы облысының Панфилов ауданындағы Алтынкөл бекеті. Алайда алғашқы күннен бастап Алтынкөл станциясының санитарлық-карантиндік қызметі шекарадағы бірде-бір адамды тексеріссіз өткізбей, жағдайды қатаң бақылауда ұстап келеді.

Алтынкөл станциясындағы санитарлық-карантиндік қызмет Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің аумақтық департаментіне қарайды. Мұндағы санитарлық-карантиндік бақылау бөлімнің басшысы Ғалиолла Нуруллин бірнеше маманмен бірге күндіз-түні демалыссыз тексеріс жұмыстарын жүргізіп келеді екен. 

«Қазіргі уақытта Қазақстан мен Қытай арасындағы тек локомотив бригадасының мүшелері жүк тасымалын орындап жүр. Жүк тасымалданған кезде локомотивтің екі қызметкері ғана жүреді. Бұрын осы қызметкерлермен оқу-жаттығу жиынын өткізгенбіз. Қазір бірде-бір жолаушы ары немесе бері өте алмайды. Тек жүк тасымалы бар. Локомотив бригадасының мүшелерін біз бірден нейтралды аумаққа апарып, термометриядан, сауалнамадан өткіземіз. Кейде күніне 8 адам, кейде 30 адамға дейін тексеріледі», - дейді Ғалиолла Нуруллин ҚазАқпарат тілшісіне телефон арқылы берген сұхбатында.

Алтынкөл станциясында жұмыс күндіз-түні тоқтамайды. 

Тәуліктік санитарлық-эпидемиологиялық тексеріс күшейтілген. Барлық бригада жұмыс режімін қатайтып, тіпті қосымша көмек ретінде іссапармен келіп, жұмыс істеп жатқандар бар.