Балқаш қаласының 50 жастағы тұрғыны шаһардағы студенттік колледждің жатақханасына коронавирус жұқтырған науқастарды орналастырды деген жалған ақпаратты желі арқылы таратқаны үшін айыпталуда, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
12 наурызда «WhatsApp» мессенджерін мониторингтен өткізу кезінде полиция қызметкерлері Балқаш қаласының медициналық колледжінің студенттерін жатақханадан мәжбүрлеп шығару және онда коронавирус жұқтырған үш жүз адамды қоныстандыруға дайындау туралы көрінеу жалған ақпарат беру фактісін анықтады.
«Аталған факті бойынша ҚК-нің 274-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Жүргізілген іс-шаралардың нәтижесінде полиция қызметкерлері аталған қылмысты жасады деген күдікпен Балқаш қаласының 50 жастағы тұрғынын анықтады», - деп хабарлады Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, Қарағанды облысының полиция департаменті аймақ тұрғындарын әлеуметтік желілерде пайда болған жалған хабарламалар мен ой-пікірлерге сенбеуге шақырады. Тәртіп сақшылары құзыретті мемлекеттік органдардың ресми мәліметтеріне ғана негізделу керектігін мәлімдейді.
Естеріңізге сала кетейік, осындай қылмыстарды жасағаны үшін 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.