21 ақп, 2022 сағат 18:33

Коронавирус: Қазақстанда эпидемиологиялық жағдай жақсарып келеді


ҚР денсаулық сақтау вице-министрі — Қазақстан Республикасының бас мемлекеттік санитар дәрігері Айжан Есмағамбетова елдегі эпидемиологиялық жағдайды баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгін елімізде коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай жақсарып келеді. Соңғы екі аптамен салыстырсақ, сырқаттану деңгейі 4,7-ге төмендеді. Ал стационарда ем алатын науқастар саны екі есе азайды. Амбулаториялық жағдайда ем алатындар саны 4 есе қысқарды», - деді Айжан Есмағамбетова ҚР ДСМ ұйымдастырған онлайн дәрісте. 

Спикердің айтуынша, елімізде вакциналау жәнен ревакциналау жұмысы жалғасып жатыр. 

«Бүгінгі күні қазақстанда коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін 10 миллионнан астам қазақстандық алды. Бүгінгі күні егілуге тиісті ересек тұрғындарды вакцинамен қамту - 82 пайызды, жалпы халықтың 53 пайызын құрады. 2 млн 400 мыңға жуық адам ревакцинациядан өтті. Ол ақпан айында егілуге тиісті халықтың 52 пайызын қамтыды. Бұл көрсеткіш жаман емес», - деді бас мемлекеттік санитар дәрігер.